XVIIІ Республикалық пәндік Олимпиада
Қазіргі таңда білім беру саласы үнемі дамып, жаңа талаптарға сай жаңғырып отырады. Осы өзгерістер аясында болашақ мамандарды кәсіби тұрғыда дайындау, олардың қабілетін дамыту және терең білім беру – жоғары оқу орындарының басты мақсаты болып отыр. Бұл ретте студенттер арасындағы пәндік олимпиадалар маңызды рөл атқарады.
Пәндік олимпиада – бұл студенттің тек білімін ғана емес, оның логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін, өз бетінше шешім қабылдау дағдыларын көрсететін алаң. Мұндай жарыстар арқылы студент өз білімінің деңгейін бағалап, жетілуге деген құлшынысын арттырады. Олимпиада барысында берілетін тапсырмалар – күрделі әрі жан-жақты ойлануды талап етеді. Бұл студенттің ғылыми-зерттеу машығын дамытуға, теорияны практикамен байланыстыра білуіне жол ашады.
Сонымен қатар, пәндік олимпиада – дарынды жастарды анықтаудың тиімді тәсілі. Пәндік олимпиада тек жеке тұлға үшін ғана емес, бүкіл университет үшін де маңызды. Студенттердің жетістігі – оқу орнының беделін арттырып, білім сапасының жоғары екендігін дәлелдейді. Сонымен қатар, басқа оқу орындарынан келген студенттермен тәжірибе алмасу – кәсіби қарым-қатынастың негізін қалайды. Пәндік олимпиадалар – білім мен бәсекенің тоғысқан алаңы. Ол студентке өз қабілетін шыңдап, кәсіби тұлға ретінде қалыптасуға үлкен мүмкіндік береді. Сондықтан да, осындай олимпиадаларға белсенді қатысу – әр студент үшін маңызды әрі пайдалы тәжірибе.
2025 жылдың 17-18 сәуір күндері Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен «6B012 – Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары тобы бойынша XVII Республикалық пәндік Олимпиада өтті. Осы олимпиадаға Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 6В01088(1) – Химия-Биология білім бағдарламасының 4 курс студенті Бекбулат Қайсар мен 2 курс студенті Нурмуханов Нұрстан қатысты.
Олимпиадаға еліміздегі 18 жоғары оқу орындарының студенттері қатысып, 2 кезең бойынша білім сынады. Бірінші кезеңде студенттер теориялық білімдерін 70 ұпайлық 5 тапсырма бойынша, ал екінші кезеңде 30 ұпайлық эксперимент жасау арқылы сайысқа түсті. Эксперименттік кезеңде классикалық сандық және сапалық анализдің тапсырмаларының орнына аспаптық анализдің тапсырмасы берілді. Бұл – олимпиаданы өткізетін университеттің материалдық базасының мықты екендігін көрсетеді.
2 күндік сайысқа әділ қазылардың шешімі бойынша Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 4 курс студенті Бекбулат Қайсар жеке есепте І дәрежелі диплом, алтын медальды жеңіп алса, университетіміз командалық есепте ІІ орынға ие болды.
Жеке есепте І орынға университетіміздің студенті ие болғандықтан, 2025-2026 оқу жылында «6B012 – Химия мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары тобы бойынша XVIIІ Республикалық пәндік Олимпиадасы біздің университеттің қабырғасында өтеді.
Осындай студенттің өміріндегі маңызды іс-шараға қатысуға мүмкіндік берген университетіміздің басшылығына, ұжымымызға алғысымызды білдіреміз.